Қарбыз таңдай аласыз ба?
18.07.2022

Жаз мезгілінде халық жиі сатып алатын бақша өнімдерінің бірі қарбыз. Балалар мен ересектердің бірдей сүйсініп жейтін тәттісі астанаға елдің оңтүстік өңірлерінен және Өзбекстаннан әкелінеді.

Қарбыз республикамыздың жылы өңірлерінде ерте піседі. Мысалы, биыл Түркістан облысы, Жетісай ауданы бойынша 17 мың гектар жерге бақша дақылдары егілді. Диқандар мамырда бақша дақылдарының алғашқы өнімін алған.

Осы сияқты ақпараттар легімен азды-кемді таныспыз. Бірақ бұл қарбыз туралы толық білеміз дегенді білдіре ме?

Нанға қарағанда қарбыздағы калория мөлшері 10 есе аз

Әуелі қарбыздың қандай пайдасы және зияны бар дегенге тоқталсақ. Оның адам ағзасына әсері жөнінде ҚР Президентінің Медициналық орталығының ауруханасының бас гастроэнтеролог дәрігері Бақытжан Биімбетов толығырақ айтып берді.

"Қарбыз көптеген дәрумендер мен минералдық заттарға бай. Дәрумендерден А, В, С тобын атауға болады. Ал енді микроэлементтер ішіндегі ең маңыздысы – калий, кальций, магний, темір, фосфор және натрий. Бұл шөлді жақсы қандыратын жеміс. Әсіресе, қарбыздың өтті жүргізетін, зәр айдайтын қасиеті бар. Өт толған кезде немесе өттегі майда құмдарды шығару кезінде жақсы көмектеседі. Бұдан бөлек қарбыз құрамында фруктоза көп. Ол бақша өніміне тәтті дәм береді. Фруктоза қантқа қарағанда жеңіл сіңіріледі. Зат алмасу процесінде де пайдасы бар. Артық салмағы бар адамдарға да организмді шлактардан тазарту мақсатында жақсы нәтиже береді. Холестеринді төмендететін де қасиеті бар",  – деді профессор.

Бақша өнімінің зиянды тұстары да жоқ емес. Бақытжан Рысқұлұлы қарбыздың құрамында нитрат мөлшері көп болса, ағза нитратпен улануы мүмкін екендігін айтады. Бұдан бөлек кейбір ауру түрлерінде де өнімді абайлап тұтынған жөн.  

"Қант диабетімен ауыратын жандар қарбызды көп жемегені дұрыс. Себебі ол қандағы қант мөлшерін көтеріп жіберуі мүмкін. Қарбыз зәрді айдап, бүйректің функциясын күшейтетіндіктен, созылмалы бүйрек жетіспеушілігі кезінде шамадан тыс қолдануға болмайды", – деді гастроэнтеролог маман.

Бақытжан Биімбетов бұл бақша өнімін күндізгі уақытта жеуге кеңес береді. Ағзаға жемістің жеңіл сіңірілуі құрамындағы калорияның аздығымен түсіндіріледі. Мысалы, 100 грамм қарбызда 25-30 килокалория бар. Қарапайым тілмен айтсақ, нанға қарағанда қарбыздағы калория мөлшері 10 есе аз екен.

Бұл тәттіні шілденің шіліңгір ыстығында емес, тамыз айында жеу керек

Дәмі тіл үйіріп, шөлді қандыратын бақша өнімін сатып аларда санитариялық талаптар туралы ұмытып кетіп жатамыз. Түріне қызығып сатып алып, үйге барғанда опық жеп қалатын кездер де болып жатады. Сонымен бақша өнімдерін таңдауда қателеспес үшін нені ескерген жөн?

"Өнімнің қыртыстығының тұтастығына, жарықтар, сызаттар, майысулар мен шіріктер болмауына назар аудару керек. Қыртысы тығыз және жылтыр, жолақтары қарама-қарсы тұсы жарқын болу керек. Сабағы құрғақ, ұрғанда ашық дыбыстың естілуі, жерде жатқан жағында сарғыш дақтың болуы қажет. Сонымен қатар орташа көлемдегі қарбызды сатып алған дұрыс", – дейді Нұр-Сұлтан қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Асыл Сералы. 

Бұдан бөлек жемістер күннен әрі жаңбырдан қорғалған орында сақталуы қажет. Бақша өнімдері биіктігі 20 см-ден кем емес арнайы паллетерде тұруы тиіс. Маман бақша дақылдарын кесер алдында оны щеткамен, ағынды сумен шаюға кеңес береді. Сондай-ақ қарбызды тамыз айынан бастап тұтыну керектігін айтады.

2021 жылы және биыл (авт. – 2022 жылдың 18 шілдесіндегі  жағдай бойынша) елорданың Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде қарбызбен жаппай улану жағдайы тіркелмеген. Мекеме адамдардан шағым түсіп, жаппай улану фактісі тіркелген жағдайда орталық атқарушы органның бірінші басшысының рұқсатымен тексеру жүргізе алады.

Сонымен қатар Асыл Сералы сатушыдан өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжатты талап ету керегін айтады. Заңсыз сауда орындарында, жол бойында сатылатын өнімдерде мұндай сертификат болмайтын көрінеді.

"Қарбыз бен қауынды дереу жеген жақсы. Кесілген бөлігін тоңазытқышта 1 тәуліктен артық сақтамаңыздар. Қарбызды қабығына дейін жеуге болмайды. Нитраттардың көпшілігі жемістің қыртысына жақын жерде орналасады және оның сабағында болады", – деді бас маман.

Ағзада нитраттардың көбеюі улану деген сөз

"Нитрат" демекші, сөздік қорымызда бұл сөзді жиі пайдаланғанымызбен, қарбызға келгенде есімізге түспей жатады. "Қарбыз құрамындағы нитраттар мөлшері қанша болу керек" деген сауалды Елордадағы Ұлттық сараптама орталығына жолдадық. Мекеме халықтың санитарлық-эпидемиологиялық игілігін қамтамасыз ету саласында жұмыс істеп отыр.

"Кеден Одағының Техникалық Регламенті 021/2011 "Азық түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" (ТР ТС 021/2011 "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі") талабына сай қарбыз құрамындағы нитраттар мөлшері 60 мг/кг-нан аспауы тиіс", – дейді Ұлттық сараптама орталығының мамандары.

Бұл қарбызда нитрат мүлдем жоқ деген сөз емес. Тек жоғарыда аталған көрсеткіштен асқан жағдайда, нитраттар улы нитриттерге айналып, ал қандағы гемоглобинді метгемоглобинге айналдырады екен. Бұл адам ағзасына үлкен қауіп төндіреді. Нитрат үлесі 30%-ға жеткенде диарея, тұншығу, тахикардия, әлсіздік, қан қысымының төмендеуі секілді улану белгілері пайда болады. Қандағы метгемоглобин концентрациясының көбеюі қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін деп ескертеді сарапшылар.  

Ұлттық сараптама орталығы мамандары қарбыздың құрамындағы зиянды заттарды келесі әдістермен анықтайды екен:

  • Ионометрлік әдіс – зертханада өткізіледі, арнайы зертханалық құрылғыда арнайы ертінділермен, электродтар көмегімен жасалады.
  • Экспресс тәсіл – нитрат тест таяқшалары арқылы;
  • Арнайы "Морион" және "Соэкс" құрылғылары арқылы.

Сақтықта қорлық жоқ

Кез келген өнімді тұтыну кезінде сақтық ережелерін ескерген жөн. Бұл қарбызға да қатысты. Егер де улану белгілері пайда болса, бірден медициналық көмекке жүгінгеніңіз абзал.

Балжан Смаилова

Дереккөз: inbusiness.kz