2026 жылғы 23–25 қараша аралығында Қазақстанда Ресей Федерациясының Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адам әл-ауқатын қамтамасыз ету саласындағы қадағалау жөніндегі федералдық қызметіне (Роспотребнадзор) қарасты «Орталық эпидемиология ғылыми-зерттеу институты» федералдық бюджеттік ғылыми мекемесі делегациясының жұмыс сапары өтуде.
Сапар аясында Ұлттық сараптама орталығының Басқарма төрағасы Ерлан Қиясов ресейлік ғылыми ұйым өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді.
Ресей делегациясын Роспотребнадзордың «Орталық эпидемиология ғылыми-зерттеу институты» ФМБҒМ-нің тағамдық патогендердің антибиотиктерге төзімділігі жөніндегі ғылыми тобының жетекшісі, азық-түлік шикізаты мен тамақ өнімдеріндегі антибиотиктердің қалдық мөлшеріне және бактериялардың антибиотиктерге төзімділігіне мониторинг жүргізу жөніндегі Референс-орталықтың басшысы Нина Георгиевна Куликова бастап келді.
Сапардың негізгі мақсаты – микробқа қарсы препараттарға төзімділікке қарсы іс-қимыл саласында Қазақстан мен Ресейдің бейінді ұйымдары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту.
Кездесу барысында тараптар тамақ өнімдеріндегі антибиотиктердің қалдық мөлшеріне зертханалық мониторинг жүргізу, антибиотиктерге төзімді бактерияларды анықтау, зертханалық зерттеулерді жетілдіру және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Сондай-ақ кадрлық әлеуетті дамытуға, мамандарды практикалық оқытуға және микробқа қарсы препараттарға төзімділік мәселелері бойынша өңірлік зертханалық желі шеңберіндегі өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Сапар аясында ресейлік делегация Ұлттық сараптама орталығының Астана қаласы бойынша филиалының зертханаларының қызметімен, олардың материалдық-техникалық базасымен, сондай-ақ жүргізіліп жатқан зертханалық зерттеулермен танысты.
Ұлттық сараптама орталығы мен Ресейдің Орталық эпидемиология ғылыми-зерттеу институты арасындағы ынтымақтастық ғылыми-практикалық өзара іс-қимылды дамытуға, зертханалық әлеуетті нығайтуға, кәсіби тәжірибе алмасуға және антимикробтық резистенттіліктің таралуының алдын алу жөніндегі бірлескен тәсілдерді жетілдіруге бағытталған.